Сырдария өзені бассейнінде ауыл шаруашылығы дақылдарын суару режимдерін түзету мақсатында ауқымды зерттеу жүргізіліп жатыр
Француз даму агенттігінің (AFD) гранты есебінен Аралды құтқару халықаралық қоры Атқарушы комитеті Сырдария өзені бассейнінде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы аумағында ауқымды зерттеулер ұйымдастырды. Бассейн аумағын гидромодульдер бойынша аймаққа жіктеу климаттық деректерге, топырақ сипаттамаларына және өзге де табиғи, сондай-ақ ирригациялық-шаруашылық ерекшеліктерге сәйкес қайта түзетіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстанда жоба аумағы Түркістан облысында 550 мың гектар және Қызылорда облысында 254 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Деректерді дәл әрі толық жинауды қамтамасыз ету мақсатында спутниктік зерттеулермен қатар толық ауқымды жерүсті зерттеулері мен өлшеулер басталды. Жерүсті далалық зерттеулер мен бақылаулар Түркістан және Қызылорда облыстарындағы төрт пилоттық учаскеде жүргізіліп жатыр.
Жобаға Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты және Өзбекстанда орналасқан Орталық Азия Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-ақпараттық орталығы қатысуда. Сырдария өзені бассейнін гидромодульдер бойынша аймаққа жіктеу геоақпараттық жүйелер мен Жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Зерттеу нәтижелерін суармалы егіншілікті дамыту жоспарларын әзірлеу барысында, соның ішінде су ресурстарын тұтынуды оңтайландыру, Сырдария бассейнінде суды пайдалану тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін көбейту, топырақтың тұздануы мен жер деградациясын азайту, сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында пайдалану жоспарда бар. Жобаны 2026 жылы аяқтау көзделіп отыр.
«Арал-Сырдария бассейнінде Қазақстандағы суармалы жерлердің 35 пайыздан астамы орналасқан, су ресурстарына түсетін жүктеме өте жоғары, ал ауыл шаруашылығы қажеттіліктеріне алынатын су үлесі 98 пайызға дейін жетеді. Қазіргі уақытта қолданылып жүрген гидромодульдер бойынша аймаққа жіктеу соңғы 40 жылда болған елеулі өзгерістерді, табиғи-климаттық және топырақ жағдайларын, сондай-ақ жерлердің мелиоративтік жай-күйін ескермейді. Осыған байланысты қолданыстағы шекараларды қайта қарау және суару режимдерін түзету мәселесі өзекті», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.