Скринингтен өту үшін демалыс: жұмыскерлер мен жұмыс берушілер нені білуі керек
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру тәртібін түсіндіріп, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер білуі тиіс негізгі талаптарға тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Халық денсаулығын сақтау Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл ретте аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтауға ерекше назар аударылады.
Алдын алудың ең тиімді құралдарының бірі – скринингтік зерттеулер. Олар ауруларды дер кезінде анықтауға, емдеуді ерте сатысында бастауға және ауыр асқынулардың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Әрбір азаматтың осы мүмкіндікті пайдалануына жағдай жасау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік кепілдіктер көзделген.
Әлеуметтік демалыс алу құқығы заңмен бекітілген
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс алу құқығын береді.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) және орташа жалақысы сақталады.
Аталған норма ұйымның меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер үшін міндетті болып табылады.
Жылына үш жұмыс күніне дейін
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес скринингтік зерттеулерден өту үшін берілетін демалыс әлеуметтік демалыстарға жатады.
Жұмыскер күнтізбелік жыл ішінде ұзақтығы үш жұмыс күнінен аспайтын әлеуметтік демалысты пайдалануға құқылы.
Әлеуметтік демалыста болған уақыт толық көлемде еңбек өтіліне есептеледі. Демалыс беру белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің тиісті актісімен ресімделеді.
Скринингтік зерттеулер тегін жүргізіледі
Скринингтік зерттеулер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының шеңберінде ұйымдастырылады.
Тиісті нысаналы топтарға жататын азаматтар үшін тексерулер тегін жүргізіледі.
Жұмыс беруші жұмыскердің скринингтік зерттеуден өтуіне қажетті жағдай жасауға міндетті. Скринингтен өту кезеңінде жұмыскер орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.
Іс жүзінде қандай бұзушылықтар кездеседі
Еңбек заңнамасында нақты талаптар белгіленгеніне қарамастан, іс жүзінде жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру кезінде олардың құқықтарының бұзылу жағдайлары әлі де кездеседі. Кейбір жұмыс берушілер әлеуметтік демалыс беруден негізсіз бас тартады немесе тексеруден тек демалыс күндері өтуді ұсынады.
Сондай-ақ жұмыскерлерге жалақысы сақталмайтын демалыс рәсімдеуді ұсыну жағдайлары да жиі кездеседі, бұл заңнама талаптарына қайшы келеді. Бұдан бөлек, скринингтік зерттеулерден уақтылы өтуге түрлі кедергілер жасалатын жағдайлар да орын алады.
Мұндай әрекеттер жұмыскерлердің еңбек құқықтарын бұзу болып табылады және мемлекет белгілеген әлеуметтік кепілдіктерге сәйкес келмейді. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарын қатаң сақтап, жұмыскерлердің профилактикалық медициналық тексерулерден кедергісіз өтуіне мүмкіндік қамтамасыз етуге міндетті.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы заңнаманың сақталуын бақылайды
Жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына қатысты мәселелер Мемлекеттік еңбек инспекциясының тұрақты бақылауында болады.
Азаматтардың өтініштері келіп түскен немесе бақылау іс-шаралары барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдайды.
Жұмыскерлер еңбек құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Жұмыс берушілерге арналған ұсынымдар
Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жұмыс берушілерге жұмыскерлерді скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс алу құқығы туралы уақтылы хабардар ету ұсынылады.
Сондай-ақ мұндай демалысты ресімдеудің ішкі тәртібін айқындап, оны тиісті құжаттармен рәсімдеуді қамтамасыз ету және әлеуметтік демалыс беруден негізсіз бас тарту жағдайларын болдырмау орынды.
Еңбек заңнамасы талаптарын сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жауапты корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына да ықпал етеді.
Денсаулыққа қамқорлық – ортақ жауапкершілік
Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру жұмыс берушінің тек формалды міндеті ғана емес, жұмыскерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды әлеуметтік кепілдік болып табылады.
Профилактикалық тексерулерден уақтылы өту ауруларды ерте анықтауға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және кәсіптік тәуекелдер деңгейін төмендетуге ықпал етеді.
Осы саладағы еңбек заңнамасы талаптарын сақтау жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ортақ мүдделеріне сай келеді, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбек әлеуетін сақтауға және қоғамдық денсаулықты нығайтуға мүмкіндік береді.