Қазақстан алдағы бес жылда аэронавигация инфрақұрылымын толық жаңартады
Қазақстанда алдағы бес жыл ішінде әуе дәліздерінің тиімділігін арттыру үшін аэронавигация инфрақұрылымын толығымен жаңғырту жоспарланып отыр. Технологиялық жаңарту, ішкі авиарейстерді қолдау шаралары және халықаралық ұшу желісін кеңейту туралы Үкімет отырысында Нұрлан Сауранбаев баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Американың жетекші әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңарту корпорациясымен келісімшарт жасау жаңғырту жұмысына негіз болды. Сонымен қатар, өңірлердің арасындағы байланыс күшейтілуде: әлеуметтік маңызы бар 24 бағдарды қолдауға 6,4 млрд теңге бөлінді. Өңірлерге облысаралық рейстерді субсидиялауға және ішкі тұрақты маршруттарды ҚҚС-тан босатуға мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер енгізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі қалаларында әуежайлар салынып жатыр, сондай-ақ Арқалық әуе айлағы қалпына келтіріліп жатыр. Биыл әуе кемелер паркіне 9 ұшақ қосылды, оның 3-уі сатып алынды.
«Соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы транзиттік ұшу көлемі 4 есеге артты. Өңірлік маршруттарды дамыту туристік бағыттарды қолдау есебінен қосымша серпін алды. Бұл ретте отандық және шетелдік авиакомпаниялар елдің халықаралық желісін кеңейту жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан бері 4 жаңа халықаралық рейс ашылды, ал осы жылдың соңына дейін тағы 11 мемлекетаралық бағытты ашу немесе қайта бастау жоспарланып отыр», - деді Нұрлан Сауранбаев.
Еске салсақ, биыл отандық әуекомпаниялар 4 млн-нан астам жолаушы тасымалдады.