Олжас Бектенов сұйытылған газ өндіру көлемін арттыру жоспарын әзірлеуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов сұйытылған мұнай газына, оның ішінде оны шикізат ретінде пайдаланып отырған өндірістер тарапынан сұраныстың артып келе жатқанына назар аударды. Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, өндіріс көлемін арттыру бойынша жоспар дайындау тапсырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сұйытылған мұнай газы нарығындағы ахуал ерекше назар аударуды талап етеді. Отынның бұл түрін шикізат ретінде пайдаланып отырған өндірістердің дамуына байланысты оның сұранысы жыл сайын артып келеді. Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, бір ай мерзімде сұйытылған газ өндіру көлемін арттырудың нақты жоспарын ұсынуды тапсырамын.
Сонымен қатар өңірлер арасында, сондай-ақ өңірлер ішінде газ көлемін бөлудің ашық тетігін енгізу қажет», - деп тапсырды Олжас Бектенов.
Еске салсақ, елімізде газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасы құрылады.