Тұрар Рысқұлов аудандық сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 345-бабының 3-бөлігі), деп хабарлады Elordainfo.kz Жамбыл соттарына сілтеме жасап.
2025 жылдың шілдесінде сотталушы М. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолында «Hyundai Elantra» маркалы автокөлікті басқара отырып, жол ережесін бұзып, реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінен өткен азаматты абайсызда қағып кеткен. Апат салдарынан жәбірленуші С. оқиға орнында қайтыс болды.
Сотталушының кінәсі тараптардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал марқұмның қызы сотқа сотталушыны кешіргенін айтты. Сотталушы М. болса, кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот сотталушының оң қырынан сипатталуын, кінәсін мойындауын және өкініш білдіруін, кездейсоқ жағдайлардың салдарынан бірінші рет қылмыс жасауын және жәбірленушілердің оны кешіруін жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
«Сот үкімімен М. ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.