Атырауда дроннан өсімдік тектес зат салынған 11 пакет табылды
Атырауда Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Қылмыстық-атқару жүйесінің №15 мекемесі маңынан түйіншегі бар дронды анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, лейтенант Мирас Исказиев қызмет атқарып жүріп, жерде жатқан орамы бар ұшқышсыз ұшу аппаратын байқаған.
Оқиға сағат 08:30 шамасында Қылмыстық-атқару жүйесінің №15 мекемесінен шамамен бір шақырым қашықтықта болған.

Тексеру барысында дронға бекітілген түйіншектің ішінен өсімдік тектес, жасыл түсті зат салынған 11 пакет табылды.
Әскери қызметші бұл туралы дереу кезекші қызметке баяндаған. Оқиға орнында тиісті қауіпсіздік шаралары қабылданып, табылған зат одан әрі жүргізілетін іс-шаралар үшін құзыретті органдарға тапсырылды.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдегендей, әскери қызметшінің қырағылығының арқасында күдікті зат дер кезінде анықталған. Қазір оқиға бойынша тексеру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін Жамбыл облысында үнді қарасорасы өсірілген алқапты полиция дрон арқылы анықтаған еді.