Астананың 2005 жылғы автобустары қандай еді
Бүгінде Астана көшелернінде жолаушыларды тасымалдайтын заманауи автобустар жүйткіп жүр. Ал 2005 жылы елордадағы қоғамдық көлік қандай еді? Elordainfo.kz сол кезеңнен сақталған архив кадрын оқырман назарына ұсынады.
Ол кезде Астана қазіргідей алып мегаполис емес еді. Қала аумағы да, тұрғындар саны да бүгінгіден әлдеқайда аз болатын. Қоғамдық көлік жүйесі де енді жаңарып келе жатқан.
№1 автобус паркінің архивінде 2005 жылдары жаңа саналатын MAN автобусы бейнеленген. Ол кездегі жүргізушілер үшін жаңа автобустың келуі жай ғана көліктің жаңаруы емес, қоғамдық көліктің болашағына деген үміт болатын.
№1 автобус паркінде 2005 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Эльмира Карашева бұл кезеңді жақсы біледі.
«Сол кезде жаңа, бұзылмайтын автобустарға мінсек екен деп армандайтынбыз. Қазір, шүкір, жаңа автобустар көбейді. Қала да, қоғамдық көлік те өзгерді», – дейді ол.

Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Астана да өзгерді, қоғамдық көлік те жаңарды. Бұрын сирек кездесетін жаңа автобустар бүгінде елорда көшелеріндегі қалыпты көрініске айналды.

Айта кетейік, парк ұжымында бүгінде 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 1 700-і – автобус жүргізушісі, 200-ден астамы – желілік бақылау қызметінің мамандары.

Парк қарамағында 5 база, 1 391 автобус бар. Оның 300-і газбен, 120-сы электр қуатымен, 762-сі дизель отынымен жүреді.
Күн сайын осы жерден 79 бағытқа 850 автобус шығып, тәулігіне шамамен 500 мың жолаушыны тасымалдайды. Бір аптаның ішінде бұл көрсеткіш 3,5 миллион адамға жетеді.
Ал 2005 жылғы архив кадрлары сол өзгерістің басталған кезеңін еске салады. Кейде қаланың тарихын үлкен оқиғалардан емес, көшеде жүрген автобустан, ескі ғимараттан да көруге болады.

Бұған дейін елордадағы №1 автобус паркінде 21 жылдан бері бірге еңбек етіп жүрген астаналық жұп жайлы жазып, автопарктің түнгі тіршілігі туралы репортаж жариялағанбыз.