Астанада үйлерге түтін датчиктері орнатылып жатыр

Астанада үйлерге түтін датчиктері орнатылып жатыр
Коллаж: Elordainfo.kz//t.me/astana112_tjd

Елордада тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елорданың «Нұра» ауданындағы Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп жатыр. Тұрғындарға өрттің негізгі себептері мен оның алдын алу жолдары айтылып, қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі ескертіледі.

Сонымен қатар үйлерге автоматты түтін датчиктерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылғы түтін пайда болған кезде тұрғындарға дер кезінде белгі беріп, өртті бастапқы кезеңінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл адамдардың қауіпсіз жерге уақтылы шығуына жағдай жасайды.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды электр және жылыту құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау және ақауы бар электр құрылғыларын пайдаланбау қажет.

«Өрттің алдын алу – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі», – деді ведомстводан.

Бұған дейін Астанада жылыту маусымы алдында өрт қауіпсіздігі бойынша рейдтер өтіп жатқанын жаздық.