Астанада тұрақ жүйесі өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек

Астанада тұрақ жүйесі өзгерді: жүргізушілер нені білуі керек
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Астанада ақылы автотұрақтарды басқару жүйесі өзгеріп, жүргізушілерге арналған жаңа UIMS Parking платформасы іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

14 қыркүйектен бастап елорданың ақылы автотұрақтары Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына қарасты «Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС басқаруына өтті.

Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жаңа мобильді қосымша мен веб-портал әзірленді. UIMS Parking арқылы ақылы тұрақтардың цифрлық қызметін пайдалануға болады.

«Жаңа жүйеге көшуге байланысты жүргізушілер үшін маңызды өзгеріс жоқ. Бұрын берілген жеңілдіктер мен абонементтер сақталды. Оларды қайта рәсімдеудің немесе құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ», – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасынан.

Пайдаланушылардың жеке шоты мен ондағы қаражат қалдықтары да жаңа жүйеге көшірілді. Ал тұрақтағы ақпараттық тақталардағы QR-кодтар мен қолданыстағы төлем арналары өзгеріссіз қалады.

«Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрақ сессиясына төлем жасау тәртібі де сақталған. Тәуліктегі тұрақ үшін төлемді осы күннің сағат 23:59-ына дейін жасауға болады.

Жаңа UIMS Parking қосымшасы App Store және Google Play платформаларында қолжетімді. Тұрақ аймақтарының орналасуы, тарифтер мен пайдалану ережелері туралы ақпарат жаңа жүйенің ресми платформасында жарияланған.

Осылайша, ақылы тұрақтардың басқару жүйесі жаңарғанымен, бұған дейінгі жеңілдіктер, абонементтер, жеке шоттар мен төлемнің негізгі тәртібі сақталып отыр.

Еске сала кетейік, былтыр Мәжіліс отырысында депутаттар ауруханалардағы көлік тұрағы мәселесін көтерген еді.