Астанада оқушыларға су ресурстарын үнемді пайдаланудың маңызы айтылды
Астанадағы №40 мектеп-лицейде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Су – Қазақстанның байлығы: бағала, қорға, сақта!» тақырыбында сынып сағаты өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға судың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын түсіндіру, Қазақстанның су ресурстарының құндылығын ұғындыру, сондай-ақ суды қорғау және үнемді пайдалану дағдыларын қалыптастыру.
Сынып сағаты барысында оқушыларға су ресурстарының ел өміріндегі маңызы, суды тиімді пайдалану, су көздерін ластанудан қорғау және су тапшылығының алдын алу мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар суды үнемдеудің күнделікті өмірдегі қарапайым жолдары талқыланып, оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған пікір алмасу ұйымдастырылды.
Іс-шара соңында оқушылар табиғи ресурстарды бағалаудың, қоршаған ортаны қорғаудың және суды ысырап етпеудің маңызын түсінді. Сынып сағаты жас ұрпаққа экологиялық жауапкершілік қалыптастыруға бағытталды.