«Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында елімізде 15 мыңға жуық бала дүниеге келді

«Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында елімізде 15 мыңға жуық бала дүниеге келді
Фото: magnific.com

«Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 15 мыңға жуық бала дүниеге келді. 2021 жылдан бері бағдарлама шеңберінде ЭКҰ-ның 37 мыңға жуық циклі жүргізіліп, жыл сайын бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде заманауи репродуктивтік технологияны кезең-кезеңімен қолжетімді болып келеді. Бүгінде отбасылардың шамамен 15%-ы бедеулік мәселесіне тап болады. Жыл сайте медициналық көмекке шамамен 20,5 мың ерлі-зайыпты жүгінеді.

«Аңсаған сәби» бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылы іске қосылды. Бағдарлама қосалқы репродуктивтік технологияларға мұқтаж отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар репродуктивтік медицина желісі де дамып келеді. Егер 2004 жылы ЭКҰ-ны төрт клиника жүргізсе, 2025 жылы олардың саны 32-ге жетті. Осы кезеңде қосалқы репродуктивтік технологиялар циклдерінің саны сегіз еседен астам өсіп, жылына 18,6 мыңға жетті.

Пренаталдық диагностика бағытында да оң динамика байқалады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ультрадыбыстық зерттеу кезінде туа біткен даму
кемістігін анықтау көрсеткіші 13,8%-ға артты. Ал туа біткен кемістікпен және хромосомалық бұзылыспен дүниеге келген балалардың саны 25,6%-ға төмендеді.

Еске сала кетсек, Маңғыстауда 16 күндік нәрестеге күрделі ота жасалды.