Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмектің жаңа түрі шығарылмақ

Қазақстанда 500-ге жуық дәрі-дәрмектің жаңа түрі шығарылмақ
Фото: ДСМ

Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба шеңберінде 494 медициналық препаратты өндіруді жолға қою жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Министрліктің мәліметінше, препараттарды өндіруді жүзеге асыру отандық дәрі-дәрмек шығаруды кеңейтуге, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі $862 млн болатын сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдер жасады. Өндіріс кезең-кезеңмен игеріледі. Алғашқы 300 дәріні 2027-2030 жылдары шығару жоспарланған.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық дәрі-дәрмектерді өндіру көлемі 37%-ға артты. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестиция көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті. 

Экспортқа жолданатын мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Молдава кірді. Отандық фармацевтика өнімнің халықаралық нарыққа шығуының бір мысалы Шымкентте өндірілген қант диабеті препаратының алғашқы партиясы Болгарияға жеткізілді.

Еске сала кетсек, елімізде 3,8 мың дәрі-дәрмектің бағасы төмендеді.