ІІМ: Жыл басынан бері заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару тәркіленді

Бүгін, 13:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ІІМ: Жыл басынан бері заңсыз айналымнан екі мыңнан астам қару тәркіленді
фото: polisia.kz

Биыл тоғыз айда полиция қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 119 қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ мәдіметінше, осы кезеңде заңсыз айналымнан 23 тоннадан астам балық, оның ішінде бір жарым тонна бекіре тұқымдас балық, сондай-ақ 11 келіге жуық уылдырық тәркіленген. Бұдан бөлек, 361 киік мүйізі, 29 шақырымға жуық тыйым салынған балық аулау торы және 345 аңшылық қару тәркіленді. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 13 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кету керек, полиция қызметкерлері браконьерлерді ғана емес, заңсыз алынған табиғи ресурстарды тасымалдаумен, сақтаумен және сатумен айналысатын адамдарды да анықтауда. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан әртүрлі қарудың екі мыңнан астам бірлігін тәркіледі. Оның ішінде қылмыстық істерге қатысы бар 184 қару және қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 160 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде.

Мысалы, 20-23 қазан аралығында өткен республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында төрт күн ішінде 170-тен астам атыс қаруы және әртүрлі калибрлі 800-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. Алматы, Шымкент қалаларында және Жетісу облысында қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкендерінен ұрланған төрт қару табылып, тәркіленді.

Полиция заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар жауапкершіліктен босатылатынын қаперге берді. 

Еске салайық, бұған дейін заңсыз айналымнан 1200-ден астам қару тәркіленгені туралы жаздық.