«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы деректеріне сәйкес, қыркүйек–қазан айларында шетелге 2 млн 262 мың тонна астық жөнелтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ-ға сілтеме жасап.
Былтыр аталған мерзімде 2 млн 219 мың тонна астық экспортталған болатын. Экспорт көлемінің өсімі қалыптасқан өткізу нарықтарында да, жаңа бағытта да байқалады.
Мәселен, дәстүрлі экспорт нарықтарына астық жеткізу көлемі 1,2%-ға артып, 1 млн 430 мың тонна болды. Атап айтқанда, Өзбекстанға жөнелтілген астық көлемі 1,3%-ға өсіп, 1 млн 63 мың тоннаға, ал Тәжікстанға жеткізілім 19%-ға артып, 351 мың тоннаға жетті.
Министрліктің мәлімдеуінше, Қытай мен Ауғанстан бағыттарында да айтарлықтай өсім тіркелді. Қытайға астық экспорты 2,6 есеге артып, 145 мың тоннадан 373 мың тоннаға дейін, ал Ауғанстанға жеткізілім 1,9 есеге өсіп, 104 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайды.
Қазақстандық бидай экспорты бойынша да оң динамика сақталып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек айларында бидай экспортының көлемі 6,1 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артты (5,3 млн тонна).
Қазақстан бидайын басты сатып алушы қатарында Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан бар. Өзбекстанға экспорт 49%-ға өсіп, 3,8 млн тоннаны, ал Тәжікстанға жеткізілім 13,6%-ға артып, 1 млн тоннаны құрады. Ауғанстанға бидай экспорты 3,4 есеге ұлғайып, 663 мың тоннаға жетті.
Сонымен қатар қазақстандық бидай экспортталатын елдердің географиясы да кеңейіп келеді. Туниске 23,3 мың тонна, Францияға 6 мың тонна бидай жөнелтілді. Иранға экспорт көлемінің де едәуір өскені байқалады. Бұл елге бидай 67 мың тонна бидай жеткізілген.
Еске сала кетсек, еліміз 24,3 млн тонна астық жинап, соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.