The Finiko қаржы пирамидасының бөлімше басшысы Түркиядан елге қайтарылды
2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысы Түркиядан елге қайтарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Экстрадициялауды агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп жүргізді.
Тергеу барысында анықталғандай, күдіктінің заңсыз әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты тартылған. Яғни, «The Finiko» ешқандай нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызмет жүргізбеген.
Бұрын тартылған қатысушыларға төлем жаңа салымшының салған қаражаты есебінен жасалған. Осы тәсіл табыс түсіп жатқандай көрініс туғызып, азаматтардың қаражатын одан әрі тартуға мүмкіндік берген.
Сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет меншігіне алынды.
Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам мүлкі тәркіленіп, 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Тергеу жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, 21 млрд теңге жинаған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшылары сотталды.