Меруерт Балғынбаева: шетелдік көркем гимнасшыларды дайындаудан бас тартамын
Көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешеваның жеке бапкері саналатын Меруерт Балғынбаева Чехияда өткен Grand Prix BRNO турнирін қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- Германиядағы әлем чемпионатынан кейін, сіздердің келесі жарыстарыңыз жазғы Азия ойындары деп ойлап едік. Неге Чехиядағы Гран-приге баруға шешім қабылдадыңыздар?
— Біріншіден, бұл жарысқа тек арнайы шақыртумен ғана қатысуға болады. Әр елден бір ғана гимнасшы шақырылады. Тізімге көз жүгіртсеңіз, әлем чемпионы Таисия Онофрийчук (Украина), жасөспірімдер арасында 2 дүркін әлем чемпионы Лилиана Левинска (Польша), жасөспірімдер арасында Азия чемпионы Лола Джураева (Өзбекстан) секілді мықты спортшылар жүлдеге таласты.
Бізге де арнайы шақырту келді. Сондықтан баруға шешім қабылдадық. Оның үстіне, бұл жарыс біз үшін өте маңызды болды. Азия ойындарының алдында бағдарламамызды тағы бір рет байқап, қандай кемшіліктеріміз бар екенін, қай тұсын жетілдіру керектігін көргіміз келді.
- Бұл жарысты алдын ала жоспарлаған ба едіңіздер?
— Иә, алдын-ала жоспарладық. Шамамен жарты жыл бұрын Гран-приге баратынымызды білдік.
- Гран-при жарысы сіздер үшін қаншалықты маңызды болды?
— Біз үшін әрбір жарыс өте маңызды. Өйткені мұнда әлемнің ең мықты спортшылары қатысады және олардың барлығы арнайы шақыртумен келеді. Әрине, әлемдік деңгейдегі мықты гимнасшылармен тағы бір рет бақ сынап, өз күшіңді тексеру өте маңызды. Бұл жолы да бәсекелестік жоғары болды. Ақмарал басты қарсыластарын неғұрлым көп көріп, олармен жиі жарысқан сайын, соғұрлым тәжірибесі де арта түседі.
- Көпсайыста әлем чемпионатымен салыстырғанда ұпайларыңызды тағы да арттырдыңыздар. Нәтижеге көңіліңіз тола ма?
— Иә, қазір ұпайларымыз жоғарылады. Бірақ біз өзіміз қалаған деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Бұл бағытта жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Әр жарыстан кейін нені жақсарту керектігін көріп, өзімізге қажетті қорытынды жасаймыз.
- Шетелде Ақмаралдан бөлек, сізбен де суретке түсіп, қолтаңба алып жатады. Мұндай жағдайлар жиі кездесе ме?
— Иә, қай елге барсақ та, бізді өте жылы қарсы алады. Бұл мені қатты қуантады. Көпшілік әсіресе қазақ музыкасының таңдалғанын ұнататынын айтып жатады. Тіпті осы жолы да жанкүйерлердің арасында біз үшін арнайы көршілес елдерден келгендерін айтқандар болды. Мұндай сөздерді есту, әрине, өте қуанышты.
- Сізбен бірге суретке түсіп қана қоймай, дайындалғысы келетін шетелдік спортшылардың қарасы көп пе?
— Иә, дәл менімен жаттыққысы келетіндерден ұсыныстар өте көп түседі. Бірақ қазіргі таңда бар күш-жігерімді қазақстандық гимнасшыларға арнағым келеді. Өздеріңіз білетіндей, мен топтық жаттығулар бойынша да спортшыларды дайындаймын. Ақмаралдан бөлек, менің тағы да мықты қыздарым, жасөспірім гимнасшыларым бар. Келесі жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Сондықтан қазір басқа елдің гимнасшыларына алаңдамай, бар күшімді өзіміздің шәкірттерімді дайындауға жұмсағым келеді.