Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қандай қолдау көрсетіледі
Қазақстанда 988 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет тарапынан оларға жалдамалы баспана беру, жеңілдетілген несие ұсыну, тұрғын үй сертификатын беру және жалдау ақысын субсидиялау сияқты қолдау шаралары қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ-ға сілтеме жасап.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың шамамен 459 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады.
Комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында жүргізілген тұрғын үй реформасы аясында жалдамалы тұрғын үй азаматтардың тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қойылған күні мен отбасы табысының деңгейіне қарай бөлінетінін айтты.
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша азаматтарға 12 653 жалдамалы пәтер берілді», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Сонымен қатар 2024 жылғы желтоқсаннан бастап азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген баспананы жекешелендіру құқығы ұсынылды. Осы мүмкіндікті 20 мыңнан астам азамат пайдаланған.
«Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді 6 824 отбасы жекешелендірді», – деді Комитет төрағасы.
Айта кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдау тетіктеріне жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несиелеу, тұрғын үй сертификаттарын беру және жалдау ақысын субсидиялау шаралары кіреді.
Бұған дейін ауылдағы үй кезегіне жаңа тетік енгізілгені хабарланды.