Жыл соңына дейін республикалық жолдар толық ұялы байланыспен қамтылады
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын байланыспен қамту және телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Телекоммуникация комитетіне сілтеме жасап.
Кеңеске «Транстелеком» АҚ компаниясы, сондай-ақ мобильді байланыс операторлары қатысты.
Кездесуде жобаның іске асырылудағы қазіргі жай-күйі, сондай-ақ инвестор мен байланыс операторлары арасында телекоммуникациялық инфрақұрылымды бірлесіп пайдаланудағы өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Автомобиль жолдарын мобильді байланыспен орнықты қамтамасыз ету жұмысын үйлестіруге және құрылатын инфрақұрылымды тиімді пайдалануға айрықша назар аударылды.
Жоба 40 мың шақырымнан астам республикалық және облыстық автомобиль жолдарын мобильді байланыспен қамтамасыз етуді және 500-ден астам антенна-мачта орнату, базалық станция салуды көздейді. Оны іске асыру кезең-кезеңімен жүргізіледі. Республикалық жолдарды қамтуды 2026 жылдың соңына дейін, облыстық жолдарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске сала кетсек, Астанада көше жарығы мен мобильді интернет жабдығы бір бағанға орнатылады.