Қазақ ұлттық спорт университеті ХОК-тың олимпиадалық зерттеу орталықтары желісіне қосылды

17 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Қазақ ұлттық спорт университеті ХОК-тың олимпиадалық зерттеу орталықтары желісіне қосылды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Olympic Studies and Research Centre орталығы тарапынан ресми мойындалып, Academic Olympic Studies and Research Centres жаһандық желісіне енді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгінде Олимпиада қозғалысының тарихы мен құндылықтарын, оның білімге, мәдениетке және қоғамға ықпалын әлемнің түкпір-түкпіріндегі университеттер зерттеп келеді. Енді бұл академиялық картаға Қазақстан да еніп отыр.

Бұл желі құрамындағы академиялық орталықтар олимпиадалық тақырып бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оқу бағдарламаларын әзірлейді, ғылыми іс-шаралар ұйымдастырады, зерттеу еңбектерін жариялайды және Олимпиада ойындары мен Олимпиада қозғалысы туралы жаңа ғылыми білім қалыптастырады. Осылайша, университеттік орта арқылы Олимпиада тақырыбы спорттық ареналардан тысқары шығып, білім, ғылым, мәдениет және қоғамдық пікірталас кеңістігінің бір бөлігіне айналады.

Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық спорт университетінің базасында Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы дамып келеді. Оның негізгі мақсаты – олимпиадалық тақырыпты заманауи спорт ғылымы мен білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Орталықта Олимпиада қозғалысының тарихы мен дамуы, олимпиадалық құндылықтар мен Ойындар мұрасы зерттеліп, студенттер, оқытушылар, зерттеушілер және спорт саласының кәсіби қауымдастығы арасында пікір алмасуға мүмкіндік беретін ғылыми алаң қалыптастырылады.

Халықаралық желіге қосылу университетке өзге елдердегі академиялық орталықтармен өзара байланыс орнатып, ғылыми зерттеулер мен білім беру тәжірибелерімен алмасуға мүмкіндік береді. Осындай орталықтар арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды дамыту – Olympic Studies and Research Centres халықаралық желісінің де негізгі мақсаттарының бірі.

Қазіргі таңда әлемде университеттер жанынан жұмыс істейтін және олимпиадалық білім мен ғылыми зерттеулердің дамуына үлес қосатын 80-ге жуық академиялық олимпиадалық зерттеу орталығы бар. Қазақстан – Орталық Азияда ХОК тарапынан осындай жоғары деңгейде мойындалған алғашқы ел. Еліміз үшін осы жүйеде өзінің олимпиадалық зерттеу орталығының болуы – әлемдік тәжірибені зерделеп қана қоймай, Олимпиада қозғалысы аясында ұлттық ғылыми күн тәртібін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Айта кетерлігі, Қазақ ұлттық спорт университеті Мемлекет басшысының тапсырмасымен спорт саласына жаңа буын мамандарын даярлайтын стратегиялық алаң ретінде құрылды. Бүгінде университет білім беру мен спорт ғылымын, медицинаны және оңалтуды, цифрлық технологияларды және басқа да маңызды бағыттарды біріктіріп, Қазақстандағы заманауи спортты дамытуға бағытталған тұтас экожүйені қалыптастырып келеді.