Елімізде 2-4 сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау басталады

Бүгін, 13:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 2-4 сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау басталады
Фото: Magnific.соm

23-30 қыркүйек аралығында мектептерде 2-4-сынып оқушылары үшін алғашқы аралық бағалау кезеңі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

2026-2027 оқу жылында 2-4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Бағалаудың бұл екі түрі бір-бірін толықтырады және оқу процесі барысында қатар қолданылады.

Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша жүргізіледі. Бағалау форматы пәнге байланысты:

- қазақ тілі немесе орыс тілі - диктант және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Оқушының мәтінді сауатты жазуы және оның мазмұнын түсінуі бағаланады;

- әдебиеттік оқу - шығарма немесе мазмұндама және оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар. Мәтінді түсіну, негізгі ойды анықтау және өз ойын жүйелі жеткізу ескеріледі;

- математика - бақылау жұмысы. Есептеу дағдыларымен қатар, есептің шартын түсіну, шешу жолын дұрыс таңдау және жауабын негіздей алу бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысының ұзақтығы - 40 минут. Ең жоғары балл: 2-сыныпта - 12, 3-сыныпта - 14, 4-сыныпта - 16 балл.

«Формативтік бағалау тоқсан бойы жалғасады. Педагог әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалап, тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде 50 пайызын қамтуы тиіс. Нәтиже 1-10 балдық шәкіл бойынша бағаланады», - делінген хабарламада.

Каллиграфия арнайы бағалау мақсаты болмаса, оқушының жазу ерекшелігі балды төмендетуге негіз болмайды.

1-сыныпта балдық бағалау жүргізілмейді.

«Бағалаудың негізгі мақсаты - оқушыға тек баға қою емес, оның оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтау, ілгерілеуін бақылау және әрі қарай дамуына бағыт беру. Бағалау баланың алға жылжуына көмектесетін кері байланыс құралы болуы тиіс», - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Еске салсақ, елордада 300 мың оқушыға су ресурстарын қорғау сабағы өтті.