Бекжан Айтқұлов: Астанада отырғызылған көшеттердің 3-5 жылдан кейінгі жағдайы маңызды

22 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Бекжан Айтқұлов: Астанада отырғызылған көшеттердің 3-5 жылдан кейінгі жағдайы маңызды
Фото: Бекжан Айтқұловтың жеке мұрағатынан

Астанада көгалдандыру жұмыстарын жүргізу кезінде отырғызылған көшеттердің кейінгі күтімі мен сақталуына да мән беру қажет. Бұл туралы Құрылтай депутаты Бекжан Айтқұлов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутат «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елордада атқарылып жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына қатысты пікір білдірді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, табиғатқа қамқорлық жасау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау – ұлтымыздың өмір салтына тән асыл қасиет. «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамда жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған. 2026 жылдың басынан бері елімізде 600-ден астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 7 миллион адам қатысқан. 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 1,3 миллион түп ағаш отырғызылды. Бұл бастаманың жалпыұлттық қозғалысқа айналып келе жатқанын көрсетеді», – деді Бекжан Айтқұлов.

Оның айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар Астанада да жалғасып жатыр. Қалада аулалар, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, күзгі экологиялық айлық аясында «Байқоңыр» ауданында 500-ге жуық ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.

«Алайда біз үшін отырғызылған көшеттің саны ғана маңызды болмауы керек. Оның қаншасы жерсініп, бірнеше жылдан кейін толыққанды ағашқа айналатынына да назар аудару қажет. Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесін көшет отырғызылған күні емес, олардың кемінде үш-бес жыл бойы сақталу деңгейімен бағалаған жөн. Бұл ретте суару, күтіп-баптау және мердігерлердің кепілдік міндеттемелері нақты бақылауда болуы керек», – деді депутат.

Бекжан Айтқұлов абаттандыру кезінде қаланың орталық бөлігімен шектелмей, шеткері аудандарға, ескі тұрғын алаптары мен аулаларға да басымдық беру қажеттігін атап өтті.

«Тұрғындар үшін есептегі көрсеткіштен гөрі өз ауласындағы тазалық, қауіпсіз жол, жарықтандыру, балалар алаңы және күтімі бар жасыл кеңістік маңызды. Сондықтан абаттандыру жұмыстары қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ортаға бағытталуы тиіс», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, «Таза Қазақстанның» нәтижесі бір рет тазаланған аумақпен немесе отырғызылған көшеттердің санымен ғана өлшенбеуі керек.

«Бастаманың шынайы нәтижесі – қайта ластанбайтын орта және тазалықты күнделікті дағдыға айналдырған қоғам. Бұл іске әкімдікпен бірге бизнес те, әрбір тұрғын да ортақ жауапкершілікпен қарауы тиіс», – деді Бекжан Айтқұлов.

Бұған дейін Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай балаларды тазалық пен еңбекке баулудың маңызы туралы айтқан еді.