Қанат Естек: Экологиялық мәдениет әр азаматтың күнделікті әдетінен басталады

22 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қанат Естек: Экологиялық мәдениет әр азаматтың күнделікті әдетінен басталады
Фото: Қанат Естектің жеке архивінен

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысқан Мемлекет басшысы тазалықты қоғамның күнделікті мәдениетіне айналдырудың маңызын атап өтті. Астана қаласы мәслихаты депутаты Қанат Естек бұл пікірді толық қолдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Президенттің сөзі қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын тағы бір мәрте есімізге салды. Тазалық пен тәртіптің әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін Мемлекет басшысы өзі бастап сенбілікке қатысып, жастарға бағыт-бағдар беру арқылы жарқын үлгісін көрсетіп берді. Біз экосанамызды дамыта түсу үшін «Таза Қазақстан» бастамасына науқан ретінде қарамай, әр азаматтың күнделікті өмір салты деп қарағанымыз жөн», - деді депутат.   

Спикер бұл бағытта Астанада ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, аулалар мен қоғамдық орындарды тазарту, ағаш отырғызу жұмыстары елорда тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етпек.

«Соңғы жылдары қалада шамамен 500 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін саябақтарды, скверлер мен бульварларды қоса алғанда, тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық аймақты абаттандыру жоспарлануда.

Сонымен қатар Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптастырылуда. Елорданың түрлі бөліктеріндегі саябақтарды, серуендеу және спорт аймақтарын біріктіретін үздіксіз жасыл бағыт құру көзделіп отыр.

Міне, ендігі кезекте азаматтардың өмір сапасын арттыру үшін жүзеге асып жатқан игіліктерді бағалап, қаз-қалпында, тап-таза ұстау тұрғындардың еншісінде. «Таза Қазақстан» идеясы күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет деп отырғанымыз содан. Экологиялық мәдениет әр азаматтың күнделікті әдетінен басталады», - деді ол.

Естеріңізге салсақ, Президент елордалық урбанистика орталығының тәжірибесін басқа аймақтарға таратуды ұсынды.