Астанада Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық мұрасы ұлықталды

Астанада Тұрсын Жұртбайдың шығармашылық мұрасы ұлықталды
Фото: Талшын Шайдоллақызы

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы және әуезовтанушы Тұрсын Жұртбайдың 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлт жады және тарихи таным: Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-шығармашылық мұрасын жан-жақты зерделеу, оның алаштану, абайтану, әуезовтану, әдебиеттану және архивтік зерттеулер саласындағы еңбектерінің ғылыми маңызын айқындау, сондай-ақ ұлттық тарихи жадыны сақтау мен оны келешек ұрпаққа жеткізудің өзекті мәселелерін талқылау еді.

Конференция барысында Тұрсын Жұртбайдың ғылыми ізденістері мен шығармашылық жолы, Алаш тарихын зерттеуге қосқан үлесі, Мұхтар Әуезов мұрасын зерделеудегі еңбегі және ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы қызметі кеңінен сөз болды.

Ғылыми жиынға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, алаштанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, жазушылар, журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының магистранттары мен студенттері қатысты.

Конференцияда зиялы қауым өкілдері баяндама жасап, ғалымның ғылыми және шығармашылық мұрасының әр қырына тоқталды.

«Тұрсын Жұртбайдың көркем шығармашылығында табиғат, адам жаны, тарихи сана бір-бірінен бөлек тұрған тақырыптар емес. «Қар астындағы көбелек», меніңше, Тұрсын Жұртбай шығармашылығына кіретін ең алғашқы есік – осы. Яғни көрінбейтін нәрсенің бар екенін сезіну. «Қар астындағы көбелек» – көрінбейтін өмір. «Бұл топтамада социалистік қоғамның көлеңкелі жақтары бейнеленеді» деп жаттанды сөзбен тізбектеп шығуымызға да болады. Бірақ «Қар астындағы көбелек» деген атаудың өзі бірден адамды сұрақтарға жетелейді», – деді ақын Оңайгүл Тұржан.

Өз кезегінде сөз алған ақын, аудармашы Сұраған Рахмет:

«Тұрсын Жұртбайдың еңбегі зор. Оның кітапханада арнайы бөлмесі болуы керек», – деп ойын ортаға салды.

Іс-шара аясында «Ұлт мұрасын ұлықтаған тұлға» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Тұрсын Жұртбайдың көркем шығармалары, романдары мен хикаяттары, сондай-ақ Алаш қозғалысы мен Алаш зиялыларының тағдырлары мен мұрасын зерттеуге арналған іргелі еңбектері қойылды.

Кітап көрмесінен ғалымның «Құнанбай», «Жер-бесік», «Іздеу», «Күйініш» шығармаларымен қатар, «Ұраным – Алаш!», «Бейуақ», «Талқы» және басқа да зерттеу еңбектері орын алды. Сонымен бірге Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық зертханасын зерделеуге арналған «Бесігіңді түзе!», «Күйесің, жүрек... сүйесің», «Дулыға», «Сүре сөз» секілді еңбектері, сондай-ақ жазушының өмірі мен шығармашылық жолын танытатын басылымдар көпшілік назарына ұсынылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Тұрсын Жұртбай Мемлекет басшысының қолынан I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған болатын.