Мықты сарапшылар шоғыры: Қазақстан Халық Кеңесі құрамына Ұлттық Құрылтай мен Конституциялық комиссия мүшелері кірді
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына қоғамның түрлі салаларын қамтитын 126 азамат кірді. Олардың қатарында мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, заңгерлер, кәсіпкерлер, журналистер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кеңес құрамының ерекшелігі – оның әртүрлі кәсіби және қоғамдық орта өкілдерін біріктіруінде. Мүшелер арасында өңірлік мәслихат депуттары мен қоғамдық кеңестердің мүшелері, кәсіподақтар, бизнес-қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар және ғылыми орта өкілдері қамтылған.
Қазақстан Халық Кеңесіне Ұлттық Құрылтай мен Конституциялық комиссия жұмысына қатысқан бірқатар азаматтар да кірді. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, сарапшылар, заңгерлер және қоғамдық пікір өкілдері бар.
Кеңес құрамында «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіп, Қазақстанның қоғамдық пікірін зерттеу саласының өкілі Ботагөз Рақышева, Қазақстанның әлеуметтік зерттеулер және жастар саясаты бағытындағы сарапшылары, сондай-ақ құқық, ғылым, білім және мәдениет саласының мамандары бар.
Сондай-ақ Кеңес құрамына этносаралық келісім мен қоғамдық диалогты дамытуға үлес қосып жүрген этномәдени бірлестіктердің жетекшілері енді. Олардың қатарында қазақ, орыс, украин, корей, неміс, армян, әзербайжан, түрік, ұйғыр, дүнген, тәжік, өзбек, қырғыз, беларусь, литва, татар, поляк және басқа да этностардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері бар.
Ғылыми және білім беру саласы да кеңінен ұсынылған. Кеңес құрамында Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен ректорлары, мектеп мұғалімдері, білім беру ұйымдарының басшылары және ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері жұмыс істейді.
Экономика мен еңбек саласынан кәсіпкерлер палаталарының, жұмыс берушілер ұйымдарының, кәсіподақтардың, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері енгізілген. Мәселен, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмаш Жанықұлов және Қазақстан машина жасаушылар одағының өкілі Андрей Лаврентьев Кеңес құрамында бар.
Әлеуметтік саясат пен инклюзия бағытында да тәжірибелі мамандар қамтылған. Атап айтқанда, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева, «Jasa-Life» орталығының төрағасы Ардақ Оторбаев және әлеуметтік осал санаттардың құқықтары жөніндегі уәкіл Гаухар Акижанова Кеңес жұмысына қатысады.
Мәдениет, ақпарат және шығармашылық индустрия өкілдері қатарында жазушы, драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Омаров, тележүргізуші Ольга Спирина, журналист Алмас Алтай және креативті индустрия мен жасанды интеллект бағытындағы сарапшылар бар.
Спорт саласы да кеңінен ұсынылған. Кеңес құрамына Олимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко мен Ислам Байрамуков, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиев, Қазақстан бокс федерациясының өкілдері және басқа да спорт мамандары кірді.
Осылайша, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы қоғамдық өмірдің негізгі бағыттарын қамтитын сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің кең ауқымын біріктіріп отыр. Кеңес мүшелерінің тәжірибесі мемлекеттік басқару, заңнама, экономика, әлеуметтік саясат, ғылым, білім, мәдениет, спорт және қоғамдық келісім мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамындағы 126 азаматтың әрқайсысы өз саласында тәжірибесі бар маман ретінде қоғамдық диалогқа қатысуға мүмкіндік алады.
Естеріңізге салсақ, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.