Астана шорт-трекшілері ел чемпионатында 18 медаль иеленді

Астана шорт-трекшілері ел чемпионатында 18 медаль иеленді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада шорт-тректен Қазақстан чемпионаты аяқталып, елорда спортшылары жарысты 9 алтын, 3 күміс және 6 қола медальмен қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жеке жарыстарда Малика Ермек 500 метр қашықтықта екі рет және 1000 метрде жеңіс тұғырынан көрінді. Айбек Насен 1000 метрде, Богдан Вехов 500 және 1500 метрде, ал Әділ Ғалиахметов 1000 метрде алтын медаль жеңіп алды.

1500 метр қашықтықта Малика Ермек, Әділ Ғалиахметов және Айбек Насен күміс жүлдеге ие болды.

Қола жүлдеге 1000 метрде Әділ Ғалиахметов, 1500 метрде Малика Ермек пен Айбек Насен, ал 500 метрде Нұрия Алпысбай мен Павел Цой қол жеткізді.

Эстафеталық жарыстарда да Астана құрамасы жүлделі орындардан көрінді. Әйелдер арасындағы 3000 метрлік эстафетада елорда командасы алтын медаль жеңіп алды. Құрамда Малика Ермек, Нұрия Алпысбай, Даяна Айтыбек, Айзада Алтынбек және Қорлан Сат өнер көрсетті.

Ерлер арасындағы 5000 метрлік эстафетада да Астана құрамасы бірінші орын алды. Команда сапында Богдан Вехов, Тамирлан Жолдас, Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Айбек Насен және Санжар Жанисов бақ сынады.

Ал 2000 метрлік аралас эстафетада астаналықтар қола жүлдеге ие болды. Бұл жарыста елорда намысын Нұрия Алпысбай, Малика Ермек, Айзада Алтынбек, Қорлан Сат, Павел Цой, Нұрлан Қайырбеков, Жанарыс Мағжан және Әділ Ғалиахметов қорғады.

Осылайша, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша Астана шорт-трекшілері 18 медаль – 9 алтын, 3 күміс және 6 қола жүлде еншіледі.

Бұған дейін Қадырбек Шынбаевтың аралас жекпе-жектен Азия ойындарының чемпионы атанғанын жаздық.