Қоқысты арнайы орынға тастаудың өзі үлкен нәтиже береді - волонтер

Бүгін, 12:08
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қоқысты арнайы орынға тастаудың өзі үлкен нәтиже береді - волонтер
Фото: Мейіржан Нұрлыбайдың жеке архивінен

Қаланың тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Бұл - әрбір қала тұрғынының ортақ жауапкершілігі. Астана сияқты үлкен қалада тазалықты сақтау халықтың өзінен басталатын әдет қалыптасу керек. Қоқысты арнайы орынға тастау сияқты әрекеттердін өзі үлкен нәтиже береді. «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтеры Мейіржан Нұрлыбай экологиялық мәдениет туралы осындай пікірде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Таза Қазақстан» экоакциясы - Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан маңызды экологиялық бастама. Меніңше, оның мақсаты - тек белгілі бір күнде сенбілік өткізіп, аумақты тазалау емес. Ең бастысы, адамдардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру.

Яғни, тазалыққа біркүндік акция ретінде қарамай, күнделікті әдетке айналдыруымыз қажет», - дейді ол.

Мейіржан Нұрлыбай өзі сияқты волонтерлердің осындай бастамалардағы рөлін жақсы түсінетінін айтады. Оның ойынша, волонтерлер тазалық жұмысына тікелей қатысып қоймай, қоғамға өз үлгісін көрсете отырып қызықтырады.

«Әсіресе, жастардың белсенділігі басқа адамдарды да осындай шараларға қатысуға ынталандырады деп ойлаймын. Біз қоршаған ортаға қазірден жауапкершілкпен қарасақ, бұл мәдениет кейін де жалғасады.

Иә, экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол адамның күнделікті әдетінен басталады. Табиғатты құрметтеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, өз айналаңдағы тазалықты сақтау сияқты қарапайым әдеттер қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан әр адам «тазалық менен басталады» деген түсінікке келсе, нәтиже де болады», - дейді волонтер. 

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеген болатын.