Жетісуда жүк көліктері автоматты салмақ өлшеу станциясын айналып өтіп келген

Жетісуда жүк көліктері автоматты салмақ өлшеу  станциясын айналып өтіп келген
Фото: Бас көлік прокуратурасы

Жетісу облысының аумағында орналасқан «Сарыөзек – Көктал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде автоматтандырылған өлшеу станциясын ауыр салмақты жүк машиналары айналып өтіп жүргені анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.

Ол үшін айналма жол ретінде өндірістік қажеттіліктерге арналған техникалық жол пайдаланылған. Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «ҚазАвтоЖол» филиалының арнайы техникасымен айналма жолдар бөгелді.

Бүгінгі таңда жүк көліктерінің қозғалысы автоматтандырылған станция кешені арқылы жүзеге асырылады. 

Прокуратура, көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция қызметкерлерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, мобильді салмақ кешендерінің санын көбейту туралы шешім қабылданды. 

«ҚазАвтоЖолмен» бірлесіп Қонаев қаласына кіре берісте автоматтандырылған жүйені орнату мәселесін пысықталып жатыр, бұл шаралар салмақ параметрлерін бақылаудың тиімділігін бірнеше есе арттырады.

Биыл көліктік бақылау инспекциясы салмақ параметрлерін сақтамағаны үшін 22 мың тасымалдаушыны әкімшілік жауаптылыққа тартылды, оларға 6 млрд теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, автокөліктің артық салмақпен шығуына мүмкіндік беретін 363 кәсіптік субъект жауапкершілікке тартылды.

Еске салсақ, еліміздегі жолдарда салмағы 200 тоннадан асып кеткен 1 мыңға жуық көлік анықталды.