Қазақстанда ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құру жоспарланып отыр. Бұл норма Құрылтай бірінші оқылымда мақұлдаған ветеринария мәселелері жөніндегі заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа инспекция Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес ветеринариялық препараттардың қауіпсіздігіне фармакологиялық қадағалау жүргізіп, оларды өндіретін кәсіпорындарға сәйкестік сертификаттарын беретін болады.
Заң жобасында мал шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту де көзделген.
Атап айтқанда, мал иелеріне ауыл шаруашылығы жануарларын өз қаражаты есебінен бірдейлендіру, сондай-ақ штатында ветеринар дәрігер ұстау немесе тиісті маманды жұмысқа тарту міндетін енгізу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар жануарларды сату және сою, бірдейлендіру құралдарының жоғалуы немесе бүлінуі туралы белгіленген мерзімде хабарлау талаптары қарастырылған.
Бұдан бөлек, карантиннен өткен жануарларды бөлек ұстау және ветеринариялық құжаттарды жануарлар межелі жерге жеткеннен кейін есептен шығару тәртібі нақтыланбақ.
Заң жобасына сәйкес, сатуға немесе қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға арналған жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты, сондай-ақ ветеринариялық препараттар мен жемшөпті міндетті түрде таңбалау көзделген.
Ұсынылған өзгерістер ветеринариялық бақылауды жетілдіруге, жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саладағы жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Бұған дейін Құрылтайдың ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заң жобасын мақұлдағанын жаздық.