Есірткі, жарылғыш заттарды табу, із кесу: Астананың кинологиялық қызметі қалай жұмыс істейді

17 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Есірткі, жарылғыш заттарды табу, із кесу: Астананың кинологиялық қызметі қалай жұмыс істейді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қаланың тыныштығын күзетіп, қауіптің алдын алуға атсалысатын маманның бірі — кинологтар. Олардың күнделікті жұмысындағы басты серігі арнайы үйретілген қызметтік иттер. Астана қаласы Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында төрт аяқты көмекшілердің дайындығы қалай жүреді? Олар қандай мақсатқа үйретіледі? Орталықтың негізгі жұмыс бағыттары туралы Elordainfo.kz тілшісіне Астана қаласы ПД Кинологиялық қызмет орталығы бастығының орынбасары, полиция майоры Дастан Қойшығарин айтып берді.

«Біздің кинологиялық қызмет орталығы негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар есірткі іздеу, жарылғыш заттарды табу, із кесу және одорология, яғни иіс бойынша іздестіру. Қазіргі таңда орталығымызда 50-ге жуық қызметтік ит бар. Ережеге сәйкес, әр кинолог маманға екі иттен артық бекітілмейді. Әр маман өзіне бекітілген төрт аяқты серігімен тығыз жұмыс істеп, түрлі шақыртуға бірге аттанады.

Қызметтік иттер қала аумағындағы маңызды іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қатысады. Олар елордаға кіретін блок бекеттерде кезекшілік атқарып, қалаға кіріп-шыққан автокөліктерді тексеруге тартылады. Бұдан бөлек, Астана бойынша пошта жөнелтілімдерін тексеріп, әскери бөлімдерде профилактикалық жұмыс жүргізеді», - дейді Дастан Қойшығарин.

Оның айтуынша, қызметтік иттер негізінен Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігіне қарасты Кинологиялық қызмет орталығынан әкелінеді. Күшіктер кішкентай кезінен арнайы дайындықтан өтіп, кейін белгілі бір кинолог маманға бекітіледі.

«Қызметтік иттер негізінен 8 жасқа дейін қызмет атқарады. Егер 8 жастан асқаннан кейін де денсаулығы жақсы болып, жұмысқа қабілетін жоғалтпаса, 9-10 жасқа дейін қызметін жалғастырады. Ал иттің шаршағанын, сырқаттанғанын немесе жасының ұлғайғанын байқасақ, оны қызметтік есептен шығарамыз. Мұндай жағдайда оған бекітілген кинолог өз серігін қараусыз қалдырмай, үйіне алып кетіп, күтіміне алады», — деп толықтырды орталық бастығының орынбасары.

Қызметтік иттерді күнделікті жаттықтырып, түрлі тапсырмаға дайындайтын мамандардың бірі — кіші инспектор-кинолог, полиция старшинасы Абылайхан Ибраев. Ол кинологиялық қызмет саласында 2019 жылдан бері жұмыс істейді.

«Бұған дейін басқа салада қызмет еттім. Кинологиялық қызметке ауысуыма жануарларға, әсіресе иттерге деген сүйіспеншілігім себеп болды. Қазір төрт аяқты серіктеріміздің көмегімен есірткі заттарын анықтау бағытында жұмыс істеп келеміз. Негізінен неміс овчаркасы мен бельгиялық овчарка, яғни малинуа тұқымдары жиі таңдалады. Себебі олардың иіс сезу қабілеті жоғары, жұмысқа икемді және адамды ұстау кезінде төзімді келеді. Итпен жұмыс істеудегі ең басты қағидасының бірі - онымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, өзара сенім қалыптастыру. Мен өзіме бекітілген итпен таңертеңнен кешке дейін бірге жұмыс істеймін», — дейді Абылайхан Ибраев.

Кинологтың айтуынша, итті қызметке баулудағы алғашқы қадам оның адамға деген сенімін қалыптастыру. Бұл үшін алдымен қарапайым командалар үйретіледі. Ал жаттығу барысында иттің ойынға деген қызығушылығы да маңызды рөл атқарады.

«Ит алдымен бір адамға бауыр басып, оған толық сенуі керек. Содан кейін қарапайым командаларды үйретеміз. Мысалы, «отыр», «тұр», «жат» деген сияқты бұйрықтардан бастаймыз. Иттің ойынға құмар болғаны да маңызды. Бұл жерде кәдімгі доптың көмегі көп. Ит допты алу үшін берілген команданы орындайды. Осылайша оның санасында «команданы орындасам, маған доп беріледі» деген байланыс қалыптасады.

Уақыт өте келе жаттығуды күрделендіре түсеміз. Алдымен доптың жанына есірткі немесе жарылғыш заттың иіс имитаторын жасырамыз. Ит доптың иісі мен имитатордың иісін қатар қабылдайды. Кейін жаттығу барысында допты алып тастап, тек имитаторды жасырамыз. Осылайша ит белгілі бір иісті ажыратып, қажетті нысанды табуға машықтанады», — деп түсіндірді кинолог маман.

Кинологиялық қызмет орталығындағы жұмыстың тағы бір ерекшелігі — қызметтік иттерді ерте жастан дайындау. Биыл көктемнің соңында Астана қаласындағы орталықта төрт күшік дүниеге келген. Қазір олардың да болашақ қызметіне қажетті алғашқы жаттығулары басталған.

«Бұл күшіктердің тегі жақсы. Әкесі де, анасы да есірткі заттарын анықтау бағытында қызмет атқарған. Екеуінің де жұмыс көрсеткіштері жоғары болды, полицияға қылмыстарды ашуда көп көмегі тиді. Сондықтан күшіктерді осы бағытта қалдырып, қазірден бастап дайындап жатырмыз.

Күшіктерді кішкентай кезінен қоғамдық ортаға бейімдейміз. Адам көп шоғырланған жерлерге, көліктердің арасына алып шығамыз. Бұл олардың қоршаған ортадан қорықпай, түрлі жағдайға бейімделуі үшін қажет. Қоғамдық ортаға дұрыс бейімделген ит адамдарға, балаларға шаппайды, себепсіз үрмейді және өзіне жүктелген қызметке ғана назар аударады», — дейді маман.

Кинологтың сөзінше, күшіктер шамамен 7-8 айлық кезінде негізгі қызметке дайын бола бастайды. Осы кезеңнен бастап олар блок-посттарға тәжірибелік жаттығуларға қатысады. Егер сынақ кезінде ит қажетті иісті тауып, бір-екі рет дұрыс белгі берсе, оның жұмысқа бейімділігі байқалады.

«Әр кинолог өзіне бекітілген иттің мінез-құлқын, өзін ұстауын және әдетін жақсы білуі керек. Өйткені әр иттің ерекшелігі бар. Мен қазір баптап жүрген кішкентай күшігімнің аты Алтын. Болашақта ол да ата-анасы секілді қызметтік міндетін абыроймен атқарып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады деп сенемін», — деп түйіндеді сөзін кіші инспектор-кинолог Абылайхан Ибраев.

Кинологиялық қызметте иттің қабілеті мен кинологтың шеберлігі бір-бірінен ажырамайды. Бірі иіс арқылы іздесе, екіншісі оның әр қимылын түсініп, дұрыс бағыттайды. Сондықтан мұндағы дайындық қарапайым жаттығудан гөрі күн сайын қалыптасатын өзара сенімге негізделеді. Бүгінде орталықтағы қызметтік иттер қаланың түрлі нүктесінде мамандармен бірге жұмыс істеп жүр. Ал төрт күшік үшін бұл жол енді басталды.