Қазгидромет қазан айына арналған ауа райының консультативтік болжамын ұсынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Синопткитердің болжауынша, қазан айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде климаттық нормадан 1–2°С жоғары, ал Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында және Абай облысында норма шамасында болмақ.
«Қазан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Батыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Атырау облысының батысында, Маңғыстау облысының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Қостанай облысының солтүстік-батысында нормадан жоғары жауын-шашын түседі.
Ал Жамбыл облысының басым бөлігінде, Жетісу облысында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Ұлытау облысында, Қарағанды облысының оңтүстік жартысында, Абай облысында, Түркістан облысының солтүстік жартысында және Алматы облыстарында жауын-шашын мөлшері нормадан аз болады», делінген болжамда.
Мамандардың айтуынша, еліміздің басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы +3…+10°С, республиканың оңтүстік жартысында +11…+16°С аралығында болуы ықтимал.
Еске салсақ, синоптиктер қыркүйекте еліміздің барлық аумағында ауаның орташа айлық температурасы тамыз айымен салыстырғанда біртіндеп 5–7 градусқа төмендейтінін болжаған еді.