Зайсанда әйел өліміне қатысты кәмелетке толмаған жасөспірім қамауға алынды

Зайсанда әйел өліміне қатысты кәмелетке толмаған жасөспірім қамауға алынды
Фото: pexels.com

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында әйелді өлтірді деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Аталған факті бойынша Зайсан аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Істің толық, жан-жақты және объективті тергелуін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізілуде.

Оқиғадан кейін ақпараттық кеңістікте қаза болған әйелдің мұғалім болғаны және өлімнің «Синий кит» интернет-ойынымен байланысты болуы мүмкін деген мәліметтер тараған.

ШҚО ПД бұл ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады. Полиция департаментінің мәліметінше, қаза болған әйел педагог болмаған. Сондай-ақ жүргізілген тексеру барысында оқиғаның «Синий кит» ойынымен байланысы анықталмаған.

«Бұл ақпарат өз растауын таппады», – деп хабарлады ШҚО ПД.

Ведомство азаматтар мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және ақпарат алу кезінде тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

«ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты істің өзге мән-жайлары жария етілмейді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Түркістанда әйел адам пышақ жарақатынан көз жұмғаны хабарланған еді.