Қазақстандық делегация Қытайда өткен форумда шекара қауіпсіздігі мәселесін көтерді

Қазақстандық делегация Қытайда өткен форумда шекара қауіпсіздігі мәселесін көтерді
Фото: ҚР ІІМ

Қазақстандық делегация Қытайдың Ляньюньган қаласында өткен Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы жаһандық ынтымақтастық форумына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумда трансұлттық және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, көші-қон қауіпсіздігі, сондай-ақ полиция қызметінде заманауи технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың тапсырмасымен форум жұмысына ІІМ делегациясы қатысты. Қазақстандық делегацияны министрдің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов бастап барды.

Халықаралық жиынға 139 мемлекет, аумақ және халықаралық ұйымнан 2100-ден астам өкіл қатысты. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының басшылары да болды.

Қазақстандық делегация үшін негізгі мәселелердің бірі – шекара маңындағы аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың өзара сапарларын жеңілдету. Бұл тақырып Қытай мен Орталық Азия елдерінің көші-қон және шекара ведомстволары өкілдерінің жоғары деңгейдегі отырысында қаралды.

Кездесуге қатысушылар тиісті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру, өткізу пункттеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың шекарадан өтуін барынша қолайлы етуге мүмкіндік беретін технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар ҚР ІІМ өкілдері шетелдік әріптестерімен қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстарды тергеу тәжірибесімен алмасты. Қазақстандық мамандар полиция қызметінде қолданылатын заманауи технологиялық шешімдермен және олардың практикалық мүмкіндіктерімен танысты.

Форум халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы тәжірибе алмасуға және трансұлттық сын-қатерлерге бірлесіп қарсы іс-қимыл жасауға бағытталды.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездескені хабарланған еді.