Қазақстандық мектепке телінген видеоның шетелде түсірілгені анықталды
Әлеуметтік желілерде оқушының мектеп ішінде самокатпен жүрген видеосы Қазақстанға қатысты таратылған. Алайда тексеру нәтижесінде роликтің көрші елде түсірілгені анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына (JAQ) сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода оқушы айналасындағылардың ескертуіне қарамастан мектеп ішінде самокатпен жүрген. Жарияланымдарда ролик Қазақстанмен байланыстырылып, мектеп оқушыларының тәрбиесіне қатысты түрлі пікір айтылған.
Кейбір ақпарат құралдары да видеоны осы сипаттамамен таратып, оның нақты түсірілген жеріне қатысты аудиторияны жаңылыстырған.
JAQ орталығының мәліметінше, мамандар бастапқы материалды талдап, видеодағы аудиовизуалды белгілерді зерттеген. Түркі тілдерінің ұқсастығына байланысты роликтегі сөздер қазақ тілінде айтылғандай қабылдануы мүмкін болған.
Алайда тексеру барысында видеоның көрші елде түсірілгені анықталды. Сонымен қатар түпнұсқа роликті жариялаған аккаунттың Қазақстанға қатысы жоқ екені белгілі болды.
Осылайша, әлеуметтік желілерде тараған видеоның Қазақстан мектептеріне қатысы жоқ.
Орталық бұл жағдай бастапқы дереккөзді тексерудің маңызын көрсететінін атап өтті. Тексерілмеген контентке Қазақстанға қатысты сипаттама беру кейін қоғамдағы жағдай туралы негізсіз әрі эмоциялық пікірлердің таралуына себеп болған.
JAQ мәліметінше, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары үшін ақпараттың түпнұсқасын, түсірілген орнын және бастапқы жарияланымын тексеру маңызды. Себебі расталмаған мәліметті нақты дерек ретінде қайта жариялау аудиторияны жаңылыстыруы мүмкін.
Бұған дейін қыркүйектің 10 күнінде қандай жалған ақпараттар таралғанын жазған едік.