«Даму» бағдарламасы бойынша несие алып беремін деп алдаған алаяқ сотталды
Астанада «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алып беруді уәде еткен алаяқтық схеманың жолы кесілді. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Күдікті азаматтарға 100 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуға көмектесуді ұсынып, әрқайсысынан 1 млн теңгеден ақша жинаған. Ол сенімге кіру үшін жәбірленушілермен консалтингтік қызмет көрсету туралы жалған келісімшарттар жасасқан. Салдарынан азаматтарға жалпы көлемі 4 млн теңге материалдық шығын келтірілді.
«Сотта прокурор айыпталушының кінәсін толықтай дәлелдеп шықты. Сот үкімімен ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Шешім заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сақ болуға және несие рәсімдеуде тек уәкілетті ұйымдарға жүгінуге шақырады. Ақшалай сыйақы талап етіп, делдалдар арқылы несие алып беруді ұсыну – алаяқтықтың айқын белгісі екенін ескертеді.