Бектенов әкімдерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру құралдарын қолдануды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының инфляцияны төмендету бойынша алға қойған міндеті аясында өңір басшыларының назарын осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігіне аударды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін, алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр.
«Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», - деп атап өтті Премьер-министр.
Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
«Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырамын. Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді», - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Олжас Бектенов салалық ведомстволар мен әкімдіктерге ет өнімдері бағасын тежеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
«Азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет.
Сонымен қатар Астана қаласындағыдай, арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолданған жөн», - деп атап өтті Премьер-министр.
Бұған дейін Үкіметте өңірлердің даму қарқыны бойынша артта қалған өңір әкімдері тыңдалған болатын.