Референдум-2026

BaiQymyz-2026 фестивалінің алғашқы күніне 40 мыңға жуық адам келді

12 шілде, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
BaiQymyz-2026 фестивалінің алғашқы күніне 40 мыңға жуық адам келді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанадағы «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалінің алғашқы күніне 40 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Күні бойы қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, Қазақстан және Ресей Федерациясынан (Якутия) келген 60-тан астам өндіруші ұсынған қымыздың алуан түрінен дәм татты. Сонымен қатар ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, халық қолөнері көрмелерін тамашалады.

Фестивальге арнайы әкелінген 1 тонна шұбат пен 200 литр қымыз келушілерге ұлттық сусындардың дәмін татып, олардың алуан түрлілігін бағалауға мүмкіндік берді.

Келушілердің ерекше қызығушылығын халықаралық қымыз байқауы, көкпар, бәйге, аударыспақ, қыз қуу, дәстүрлі садақ ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстар, сондай-ақ жылқылар шеруі, шабандоздардың көрсетілімдері мен басқа да этномәдени іс-шаралар тудырды.

Фестивальдің басты сахнасында танымал қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Келушілер арасында елорда тұрғындары мен Қазақстанның өзге өңірлерінен келген меймандар ғана емес, көптеген шетелдік туристер де болды. Олар қазақ халқының салт-дәстүрімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың қонақжайлығын сезінді.

Еске салайық, BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі бүгін де «Қазанат» ипподромында жалғасып жатыр. Қонақтар ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм татып, көрмелерді, мәдени және спорттық іс-шараларды, ат спорты шоуларын, отбасылық демалыс аймақтарын және қазақстандық танымал өнерпаздардың концерттерін тамашалай алады.