Астаналық полицейлер Азия кубогында дзюдодан үздіктер қатарынан көрінді
Қарағанды қаласында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарысқа Қазақстанның және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия мемлекеттерінен 300-ден аса мықты спортшылар қатысты.
Елордалық полицейлер дзюдодан өте жоғары дәрежеде өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторлары Олжас Шынкеев пен Берік Ташмағанбетов қос жүлдені қанжығаларына байлады.
100 келі салмақ дәрежесінде полиция капитаны Олжас Қасымбекұлы жүлделі I орынды иеленсе, ал полиция майоры Берік Жолдыбайұлы жүлделі III орын алды.
«Қос бірдей тәртіп сақшымыздың жүлделі орынға көтерілу – жан-жақты дайындығын, физикалық төзімділігі мен мықты рухын айқын көрсетеді.
Қызметтік міндеттерін абыроймен атқара отырып, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға үлгі болуда. Оның бұл жетістігі – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен тәртіптілігінің, сондай-ақ спортқа деген тұрақты қолдаудың нәтижесі», - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.
Бұған дейін полицейлер қазақстандықтарға Жаңа жыл қарсаңында алаяқтардың белсенді түрде әрекет ететінін айтып, сақ болуды ескерткен болатын.