Референдум-2026

Астанада «Жасыл ел» жасақтары қала күніне орай ерекше флешмоб ұйымдастырды

Бүгін, 15:21
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Жасыл ел» жасақтары қала күніне орай ерекше флешмоб ұйымдастырды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорда күніне орай Астанада ауқымды патриоттық флешмоб өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оған «Жасыл ел» еңбек жасақтарының 200-ден астам жас сарбазы қатысты. Олар жастардың туған қаласына деген сүйіспеншілігін, бірлігі мен ынтымағын білдіретін «Астана» жазуын бейнелеп сап түзеді.

Флешмоб күн сайын елорданы абаттандыруға, қаланы көгалдандыруға және экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді әрі жанашыр жастардың басын қосты. Бұл акция «Жасыл ел» сарбаздары үшін Астанаға деген мақтаныштарын білдіріп, қала тұрғындарын мерекемен құттықтаудың тағы бір мүмкіндігіне айналды.

Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Мұндай бастамалар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, патриоттық рухын нығайтуға және туған қаласына деген құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал етпек.

«Астана күні – ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, Қазақстан астанасының қарқынды дамуын айқындайтын мереке. 200 жастың күшімен жасалған «Астана» жазуы қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ерекше құттықтау ғана емес, сондай-ақ жастардың мерекелік көңіл күйді қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды дәріптеуге қосып жүрген үлесінің ерекше көрінісі болды», делінеді хабарламада.

Еске салсақ, Елорда күні қарсаңында «Астана тазалық» ЖШС ұйымдастырған журналистер мен блогерлерге арналған дәстүрлі «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.