Референдум-2026

Астана күніне орай халықаралық көше қойылымдары фестивалі өтеді

Астана күніне орай халықаралық көше қойылымдары фестивалі өтеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана күніне орай 5-6 шілде аралығында елордада III Халықаралық көше қойылымдары фестивалі өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын мәдени іс-шараға Қазақстан мен шетелден келген өнер ұжымдары қатысып, қала көшелері, алаңдары мен саябақтарын ашық аспан астындағы театр алаңына айналдырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестиваль аясында екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары ерекше көше қойылымдарын тамашалап, театр өнерінің түрлі жанрларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.

Іс-шараның басты мақсаты – театр өнерін дәстүрлі сахна шеңберінен шығарып, оны көпшілікке барынша қолжетімді ету және әртістер мен көрермен арасындағы тікелей шығармашылық байланысты нығайту.

Фестивальдің салтанатты ашылуы 5 шілде күні өтеді. Сағат 13:00-де Амфитеатрдан басталатын халықаралық мерекелік шеру Атырау көпірі арқылы өтіп, Қалалық алаңда аяқталады. Мұнда көрермендерге арнайы перформанстық бағдарлама ұсынылады. Шеруге көше театры мен заманауи перформанс бағытында жұмыс істейтін шығармашылық ұжымдар қатысады.

Биылғы фестивальге Қазақстанның алты көше театры қатысады. Олар: «Tamenov Show» (Алматы), «Академия шоу» (Астана), «Театр для моей птички» (Алматы), «Тотальный театр» (Алматы), «ArtиШок» (Алматы) және «А3» (Астана). Сондай-ақ халықаралық бағдарлама аясында Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан келген «АспектР» көше театры өз өнерін паш етеді.

Фестивальдің негізгі бағдарламасы бірнеше қалалық алаңда ұйымдастырылады:

5 шілде, сағат 14:00 – Қалалық алаң;

6 шілде, сағат 14:30 – «Жетісу» саябағы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, III Халықаралық көше қойылымдары фестивалі Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаның ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлайды. Сонымен қатар фестиваль елорданың қоғамдық кеңістігін жаңа шығармашылық форматта танып-білуге мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Астана күні қарсаңында жас фотографтар марапатталды.