Астана әуежайы өртке байланысты шұғыл эвакуациялау туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді

Бүгін, 16:27
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астана әуежайы өртке байланысты шұғыл эвакуациялау туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Фото: Астана әуежайы баспасөз қызметі

Астана әуежайы баспасөз қызметі әуежай аумағында келушілерді ықтимал өртке байланысты шұғыл эвакуациялау туралы кейбір БАҚ-та тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ресми дерекөздің мәлімдеуінше, әуежайда хабарлау жүйесін тексеру және қызметтердің өзара іс-қимылын пысықтау мақсатында жоспарлы оқу-жаттығу өткізіліп жатыр. 
Барлық жолаушылар мен келушілер дауыс зорайтқыш арқылы оқу дабылы жүргізіліп жатқаны жөнінде алдын ала хабардар етілген. 

«Ешқандай төтенше жағдай, өрт немесе қауіп тіркелген жоқ. Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, жолаушыларға қызмет көрсету және рейстерді орындау шектеусіз жүзеге асырылып жатыр», - деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ, әуежай баспасөз қызметі ақпаратты әуежайдың ресми дереккөздерінен алуды сұрайды.