Жалақы уақытында төленбесе, жұмысшы қайда шағымдана алады

Бүгін, 14:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жалақы уақытында төленбесе, жұмысшы қайда шағымдана алады
фото: Оңалхан Өнерхан

Жалақы белгіленген мерзімде түспесе, қызметкер не істеуі керек және қайда жүгінуі қажет? Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлем кешіктірілген жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап. 

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, жалақыны айына кемінде бір рет және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленуге тиіс. Төлемнің нақты күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді. Егер белгіленген төлем күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, жалақы одан бұрынғы күндерде төленеді.

Жалақы кешіктірілсе, не істеу керек?

Алдымен жұмыскер жұмыс берушіге жүгініп, кешіктіру себебін анықтап, берешекті өтеуді талап ете алады.

Мәселе шешілмесе, жұмыскер жұмыс берушінің тұрған жеріндегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне жүгінуге құқылы. Өтінішті eOtinish жүйесі арқылы электрондық форматта да жіберуге болады.

Өтінішке еңбек қатынастарын және жалақы бойынша берешекті растайтын қолда бар құжаттарды қоса тапсыру керек. Ол жерде еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, бұйрықтар және өзге де растайтын материалдар болуы мүмкін.

Өтініш қаралғаннан кейін қандай іс-шаралар жүргізіледі?

Қажет болған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада белгіленген тәртіппен бақылау іс-шараларын жүргізеді.

Берешек фактісі расталса, жұмыс берушіге бұзушылықты жоюға, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеуге міндетті орындалуға тиіс нұсқама беріледі. Нұсқаманың орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары бақылауға алады.

Сонымен қатар жұмыс беруші жұмыскерге жалақы берешегін ғана емес, кешіктірілген әрбір күнтізбелік күн үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті. Оның мөлшері жалақы төлеу міндеттемесі орындалған күні қолданыста болған ҚР Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшері бойынша есептеледі.

Жұмыс берушіге қандай жауапкершілік көзделген?

Жалақыны толық көлемде, белгіленген мерзімде төлемегені үшін, сондай-ақ жұмыс берушінің кінәсінен тұрақсыздық айыбын есептемегені және төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабында әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Айыппұл мөлшері:

-лауазымды адамдарға – 30 АЕК;

-шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60 АЕК;

-орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК;

-ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК мөлшетін құрайды.

Жалақының кешіктірілуі жұмыскердің еңбек құқықтарының бұзылуы болып табылатынын еске саламыз. Егер жұмыс беруші жалақыны белгіленген мерзімде төлемесе, жұмыскер заңнамада көзделген шараларды қабылдап, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін мемлекеттік еңбек инспекциясы органдарына жүгіне алады.

Еске салайық, бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимі қалай бақыланатыны туралы жаздық.