Жаңа жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болады

Бүгін, 17:32
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жаңа жылдан бастап МӘМС жүйесінде қандай өзгерістер болады
Фото: freepik.com

Вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева келесі жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде болатын өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде жоспарлы медициналық қызметтерді ала алады. Бұл жүйе азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын сапалы жаңа деңгейге көтеруге жағдай жасайды. Бірінші қаңтардан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде маңызды өзгерістер күшіне енеді», - деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі кезде елімізде 17 миллион адам, яғни азаматтардың 82 пайыздан астамы сақтандырылған. Оның ішінде 12 миллионнан астам адам жеңілдік берілген санаттар қатарында, ал төрт жарым миллионнан астамы жарналарын өздері төлейді.

«Біздің міндетіміз –   осы тізімді одан әрі арттыру. Сондықтан жүйеге әлі кірмеген азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру мүмкіндіктерімен мұқият танысуға шақырамын. Жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру пакеті едәуір кеңейеді. Оған қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы (ДЦП), ревматизм секілді тағы да басқа созылмалы аурулар енгізіледі. Енді бұл санаттағы науқастар дәрігер консультацияларын, қажетті дәрі-дәрмектерді және ем шараларын толық көлемде міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде ала алады. Жүйе сондай-ақ кең таралған басқа да ауруларды емдеу мен бақылауды өз мойнына алады. Мысалы, бір жарым миллион қазақстандық артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр», - деді вице-премьер.

Жыл сайын осы сырқаттың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт және инфаркт жағдайы тіркеледі.

«2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық қажетті медициналық қызметтер міндетті медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ елімізде 25 мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүрсе, олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж.  2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы міндетті медициналық сақтандыру пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады», - деді Аида Балаева.

Қант диабеті –  әлемдегі ең кең тараған инфекциялық емес аурулардың бірі. Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен бес жүз мың адам тіркеуде тұр.

«Бұл ауру тұрақты бақылауды талап етеді. Мысалы, анализ тапсыру, дәрігер кеңестері, емді түзету және басқа да шаралар. Алдағы жылдан бастап қант диабеті бар азаматтардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толықтай міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Демек, барлық жоспарлы қабылдаулар, қажетті зерттеулер мен дәрі-дәрмектер қосымша төлемсіз беріледі. Ең басты шарт науқас міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы керек», - деді мәдениет және ақпарат министрі.

Айта кету керек, қазіргі кезде созылмалы аурулардың басым бөлігі міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы толық қамтылған. Тек 11 әлеуметтік маңызды ауру ғана тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қаржыландырылады.

«Ауыл тұрғындары да бүгінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толық енгізілген. Көп ауыл азаматтары жеңілдік берілген санатқа жататындықтан, олардың жарналары мемлекет тарапынан төленеді. Нәтижесінде ауыл тұрғындарына мамандардың консультациялары, қымбат диагностикалық зерттеулер, жоғары технологиялық емдеу әдістері мен қажетті дәрі-дәрмектер қолжетімді болып отыр», - деді министр.

Енді 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті медициналық сақтандыру туралы заңның жаңа нормасына сәйкес, Д және Е санатындағы төмен табысты адамдар сақтандырылып, диагностика мен емді кедергісіз ала алады.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де жүйеге қосылу  тәртібі жеңілдеді. Олар айына төрт мың екі жүз елу теңге немесе жылына 51 мың теңге төлей отырып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі барлық қызметтерді, оның ішінде қымбат емді де пайдалана алады. Мұның барлығы қала мен ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің баршаға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етіп, халықтың денсаулық сақтау жүйесінде қорғалуын арттыра түседі. Бұл өзгерістердің басты мақсаты  әрбір азаматтың сапалы және уақытылы медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету», - деді вице-премьер.

Алдағы уақытта міндетті медициналық сақтандыру аясын кеңейту бағытындағы жұмыс жалғасады. Сондықтан әлі сақтандырылмаған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерімен жан-жақты танысуы аса маңызды.

«Құрметті достар! Әр азматтың денінің саулығы, отбасының амандығы  біз үшін аса маңызды. Баршаңызды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қосылып, сапалы әрі уақытылы медициналық көмекке қол жеткізуге шақырамын», - деді Аида Балаева.

Бұған дейін «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектерге 13 миллионнан астам рецепт жазылғанын жаздық.