Заң тереңдетіп оқытылады: астаналық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері инновациялық жобаны талқылады

Заң тереңдетіп оқытылады: астаналық мектептердің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері инновациялық жобаны талқылады
Фото: Сұлтан Сейіт

Елордадағы №97 мектеп-гимназиясында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қала мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына арналған оқыту семинары өтті. Семинар барысында білім ошақтарындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі кейстерге талдау жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиынға Білім басқармасы мен қалалық прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, Астанадағы 119 мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілері қатысты.

«Президенттің тапсырмасымен «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы бекітілген болатын. Жалпы, қоғамда мектеп оқушылары арасындағы тәртіпбұзушылық, құқықбұзушылық, заңға бағыну бойынша мәселелер көтеріліп жатады. Бұл ретте біз мектеп-гимназиямызда инновациялық жоба бастадық. Ол «Әділет» жобасы. Осы жоба шеңберінде заңды оқыту, тәртіпке бағынудың концепциясын жасадық. Биылғы тамыз айында жұмыс басталды.

Семинарға қатысушылар кейстерді, мектептердегі құқықбұзушылықтарды, оның ішінде ұрлық, буллинг, төбелес сияқты деректерді талдады. Бұл жағдайлар нені білдіреді? Ол – оқушылардың заңды білмеуі, түсінбеуі немесе заңға бағынбауы деген сөз. Сондықтан мектепке байланысты 3 кейсті көрнекі түрде ұсындық. Оның бірі – «Әділет» жобасы бойынша түсірілген бірнеше қысқаметражды фильм. Фильмдерде зорлық-зомбылық, балалардың заңсыздық әрекеттері көрсетілген. Прокуратура қызметкерлерімен, заңгерлермен кеңесе отырып, ата-аналардың рұқсатымен тәрбиелік бағытта түсірілді», - деді №97 мектеп-гимназиясының директоры Зәмзагүл Қиянова Elordainfo.kz тілшісіне.

Оның сөзінше, бұл семинар қала мектептері үшін маңызды. Себебі инновациялық жобаны барлық мектепте жүзеге асыру мәселелері талқыланып, іс-шара қорытындысы бойынша жаңашылдықты енгізу мақсатында нұсқаулық әзірленеді. Сол бойынша келесі оқу жылында мектептерде инновациялық жоба енгізіле бастайды.

«Семинарда көрсетілген екінші кейс – біздің мектептегі арнайы кабинеттің ашылуы. Мектебіміз гимназия болғандықтан, тарих пәні тереңдетіп оқытылады. Сол себепті бейімділігіне қарай екі 8-сыныпты таңдап, 50 балаға заңды тереңдетіп оқытуды бастап отырмыз. Мысалы, 8-сыныпта оларға бірінші кезекте Ата Заң тереңдетіліп оқытылады. Себебі көп жағдайда адамдар Конституция туралы білгенмен, онда не жазылғанынан бейхабар болып жатады. Сондықтан мектеп қабырғасында оқыту жолын қарастырып жатырмыз. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Narikbayev University және Esil University сияқты оқу орындарымен меморандумға отырдық. Университет оқытушыларымен кеңесе отырып, оқушыларға заңды жеңіл жолмен балалардың тілінде оқыту әдістемесін қарастырып жатырмыз. «Алматыкітап» баспасымен де меморандумға отырдық. Осы тақырып әлі де талқылану үстінде. Мақсатымыз – оқушылардың мектеп қабырғасында заңды жақсы біліп шығуын қамтамасыз ету. Болашақта олар заңгер немесе құқық қорғау органының өкілі болуы мүмкін. Басқа салаға барса да, заңды жақсы білу – әр адам үшін үлкен артықшылық. Қазіргі таңда қаладағы сегіз мектеп-гимназиямен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз. Алдағы қыркүйектегі жаңа оқу жылында сол сегіз мектепте де заңды тереңдетіп оқыту басталуы мүмкін», - деді №97 мектеп-гимназиясының директоры.

Қазіргі таңда заң тереңдетіліп оқытылып жатқан сыныптарға құқықтану, тарих пәні мұғалімдері сабақ беріп жатыр. Егер жоба толық жүзеге асырылса, кәсіби заңгерлер де сабақ беруі мүмкін.

«Бұл жоба бойынша прокуратураның хаты, Білім басқармасының бұйрығы бар. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері зейнетке ертерек шығады. Алдағы уақытта олар мектептерде педагог ретінде сабақ бере алады. Егер Қазақстанның барлық мектебінде заң тереңдетіп оқытылатын болса, болашақта құқық қорғау органдарының мамандары зейнетке шыққан соң да, жұмыспен қамтылады деген сөз», - деді Замзагүл Қиянова.

Семинар барысында №97 мектеп-гимназия қабырғасында түсірілген қысқаметражды фильм көрсетілді.

Заңгерлердің кеңесімен, кәсіби мамандардың қатысуымен, ата-аналардың рұқсатымен, мектеп басшылығының бақылауымен түсірілген қысқаметражды фильмдердің сценариін жазуда оқушыларға мүмкіндік берілген. Мысалы, оқушылардың бірі «Қауіпті чат» деген тақырып ұсынған.

Айта кетейік, №97 мектеп-гимназиясында бүгінде 2740 оқушы білім алады. 162 педагог қызмет атқарады. Аталған білім ошағы 2023 жылы ашылған.

Бұған дейін Бас прокурор Берік Асылов өңір прокурорларына балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма бергенін жазған едік.