«Заң мен тәртіп»: елордалық іскер әйелдердің құқықтық сауатын арттыруға арналған кездесу өтті
Астанада «Ұмай» кәсіпкер әйелдер қауымдастығының қалалық прокуратурамен бірлескен іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордада форум-кездесу түрінде алғаш ұйымдастырылып отырған іс-шарада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтары мәселелері талқыланды.
Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығы Айжан Аймағамбетова кездесуде, негізінен, отбасылық жанжал және ажырасу тақырыбы бойынша сөз сөйледі.
«Неке – эмоциялар басым болатын, психологиялық тұрғыдан күрделі құрылым. Ол көбіне эмоционалдық шиеленіспен қатар жүреді. Алайда заң тұрғысынан алғанда, ажырасу - нақты заңмен реттелетін рәсім.
Ажырасу кезінде, ең алдымен, ерлі-зайыптылардың бірлескен меншік құқықтары тоқтатылады және ортақ мүлікті бөлу құқығы туындайды. Сондай-ақ балаларды асырауға байланысты құқықтар мен міндеттер сотқа талап қою арқылы қорғалады.
Сот шешімі ажырасқаннан кейін де, заңда белгіленген мерзімге дейін, яғни бала 18 жасқа толғанға дейін күшінде болады. Сонымен қатар, егер бала 18 жасқа толғаннан кейін де еңбекке жарамсыз болып, материалдық көмекке мұқтаж болса, алимент төлеу кейін де жалғасуы мүмкін. Ал баланы 18 жасқа толмай тұрып басқа адам асырап алса, онда соттың бастапқы шешімі тоқтатылады.
Әрі ешкім де жайдан-жай өз мүлкінен айырылып қалмайды, бұл тек сот шешімімен ғана жүзеге асады», - деген Айжан Аймағамбетова Конституция неке және отбасын, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың бостандық құқықтарын сот арқылы қорғауға кепілдік беретінін айтты.
Спикер отбасылық жанжалдар мен ажырасу кезінде өз құқықтарын қорғау алгоритмдерін нақты мысалдармен талдап түсіндірді.

Форум-кездесуге қатысушы іскер әйелдер заңгерге өздерін толғандырған сауалдарды қойып, күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатар жауаптар алды.
«Бүгін «Ұмай» кәсіпкер әйелдер қауымдастығы іскер әйелдерге арналған форум өткізіп отыр. Бұл кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Мұнда әйелдердің жеке өмірінде және кәсіби қызметінде кездесетін нақты жағдайлар талқыланды.
Мысалы, сталкинг жағдайында қандай әрекет жасау керек, қалай арыз жазылады, қай мемлекеттік органдарға жүгінуге болады – осының барлығы туралы нақты түсіндірілді.
Сондай-ақ, кездесуде заңмен қорғаудың нақты механизмдері айтылды.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – әйелдердің өз құқықтарын білуге, жеке шекарасын қорғауға үндеу және олардың құқықтық тұрғыдан сауатты болуына көмектесу», - деді әлеуметтік іскер, ерекше баланың анасы Күміс Сипанова.

Айта кетейік, іс-шараға 80-ге жуық іскер әйел қатысты.