Үкіметте Теңіз және Қашаған кен орындарын одан әрі дамыту мәселесі талқыланды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев «ExxonMobil» компаниясының халықаралық үкіметтік қатынастар жөніндегі аға директоры Юрия Киммен кездесу өткізді. Кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың ағымдағы мәселелері және мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың перспективалары қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде көмірсутектерді өндіру, экспорттық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Өндірістік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, Теңіз және Қашаған кен орындарын одан әрі дамыту, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумының жұмыс істеуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың, инфрақұрылымның сенімділігін және мұнай-газ секторының тұрақты дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Қорытындылай келе, Үкімет инвестициялық климатты жақсарту, инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды жағдайлар жасау және ұзақмерзімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту бойынша шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып жатқаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға және ынтымақтастықтың белгіленген бағытын пысықтауға дайындық расталды.