Тоқаевтың Жапонияға сапары барысында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылады
Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары барысында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің телеграмдағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылатын коммерциялық келісімдердің жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асады.
Президент осы мақсатта Токиода жапониялық ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізбек. Барлығы 40-тан астам құжатқа қол қою жоспарланған.
Келісімдер энергетика, жаңартылатын қуат көздері, цифрландыру, тау-кен, көлік секілді негізгі салаларды қамтиды», - деп жазды Руслан Желдібай.
Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары, ал Жапония тарапынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power және RIKEN KOGYO сияқты компаниялардың өкілдері қол қояды.
Президенттің Жапонияға сапары аясында өзге де ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулер өткізу жоспарланып отыр.