Тоқаев: Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір

Тоқаев: Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде ел экономикасында түбегейлі өзгерістердің болып жатқанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сонымен қатар қазір экономикамызда түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біз ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алдық. Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 миллиард доллардан асты.

Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты – Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр.

Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір. Біз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет», - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделуде.

«Әуе қатынасын дамыту ісіне де баса мән беріліп жатыр. Әлемнің ірі қалаларымен тікелей қатынас орнатылып жатыр, 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Осылайша, Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл – стратегиялық маңызы бар мақсат», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев интернет еліміздегі азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болғанын, Қазақстан – Starlink желісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет екенін атап өтті.

«Еліміз құрылыс саласында зор табысқа жетті. Биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды», - деді Қ.Тоқаев.

Бұған дейін Президент биыл Жамбыл облысына 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылғанын айтқанын жаздық.