Тұмаудан қалай сақтану керек – маман кеңесі

Бүгін, 09:16
Думан Аманжол Думан Аманжол
Тұмаудан қалай сақтану керек – маман кеңесі
Фото: видеодан скриншот/ Денсаулық сақтау басқармасы

Астанада тамыз - 3 қыркүйек аралығында 3 204 жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,8%-ға төмен. Былтыр осы уақытта 3 438 жағдай анықталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Жалпы тәжірибелік дәрігер Айдана Айзабектің айтуынша, қазіргі уақытта қалада респираторлық аурулардың әдеттен тыс немесе айтарлықтай ауыр өтуі байқалмайды. Дегенмен ЖРВИ белгілерімен медициналық көмекке жүгінетін тұрғындар саны аздап өсіп отыр.

«Ауру кезінде жиі кездесетін белгілерге дене қызуының көтерілуі, жалпы әлсіздік, бас ауруы, жөтел, тамақтың ауыруы немесе жыбырлауы, мұрыннан су ағуы және мұрынның бітелуі жатады», - деді ол. 

Дәрігердің сөзінше тұмаудың өзге суық тию ауруларынан айырмашылығы көбіне кенеттен басталатында. 

«Адам таңертең өзін жақсы сезініп, бірнеше сағаттан кейін денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін. Негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бас ауруы, қатты әлсіздік, дене мен бұлшықеттердің сырқырауы. Сонымен қатар тамақ ауырып, жөтел пайда болуы ықтимал», - дейді Айдана Айзабек.

Маман ауру белгілері күшейген жағдайда дертті «түрегеп жүріп» өткізбеуге кеңес береді. Үйде демалып, сұйықты жеткілікті мөлшерде ішіп, қажет болған жағдайда дәрігердің кеңесін алған жөн.

Тыныс алудың қиындауы, ауа жетіспеуі, кеуде тұсының ауыруы, дене қызуының ұзақ уақыт жоғары болуы, сананың бұзылуы, құрысу, қақырықта қанның болуы, еріннің көгеруі немесе жағдайдың күрт нашарлауы байқалса, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет. Астанадағы емханаларда ЖРВИ белгілері бар азаматтарға арналған фильтр-кабинеттер жұмыс істейді. Ауру белгілері байқалған жағдайда тұрғындар сол кабинеттерге жүгіне алады.

Дәрігер тұмаудың алдын алуда вакцинацияның маңызына да тоқталды.

«Екпені күзде, тұмау маусымы басталғанға дейін алған жөн. Себебі вакцинадан кейін ағзада қорғаныс қалыптасуына шамамен екі апта қажет. Вакцинация тұмаумен ауыру қаупін төмендетіп, аурудың ауыр өтуінің алдын алуға көмектеседі. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар азаматтарға профилактикаға ерекше көңіл бөлу қажет.

Сонымен қатар ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу үшін қолды жиі жуу, бөлмені желдету, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және таза ауада серуендеу маңызды. Адам көп жиналатын орындарда сақтық шараларын ұстанған жөн», - деді Айдана Айзабек.

Маман антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдамауға шақырды. Өйткені антибиотиктер вирустық инфекцияларға әсер етпейді.

«Егер дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, жөтел немесе басқа белгілер пайда болса, дәрігерге қаралып, қажетті емді уақытында бастаған дұрыс», – деді Айдана Айзабек.