Жайыққа батқан баланы құтқарған атыраулық имам марапатталды
Атырау облысы Индер ауданында Жайық өзенінде орын алған оқиға кезінде 8 жасар баланың өмірін құтқаруға атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің атынан Алғыс хат табысталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітіне сілтеме жасап.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Фархат Шахметов қиын сәтте адам өміріне араша түсіп, батылдық танытқан азаматтарды қабылдап, олардың ерлігіне ризашылығын білдірді.
Олардың қатарында Атырау қаласындағы «Парасат» мешітінің ұстазы Сержан Тұрақбайұлы да бар.

Оқиға туралы хабар алған Сержан ұстаз көп ойланбастан оқиға орнына жетіп, баланы іздеуге кіріскен. Іздеу жұмыстары барысында оған тағы екі азамат көмекке келіп, үшеуі бірлесе әрекет еткен.
«Нәтижесінде Сержан Тұрақбайұлы баланы судың астынан тауып, азаматтармен бірге жағаға алып шыққан. Артынша балаға алғашқы көмек көрсетіліп, оның өмірін сақтап қалуға бағытталған қажетті шаралар жасалған», - делінген хабарламада.
Сын сағатта өз өмірін қатерге тігіп, баланың өміріне араша түскен Сержан Тұрақбайұлына Индер ауданы әкімінің атынан Алғыс хат табысталды.
Еске салсақ, Қазақстандық дәрігерлер Бішкекте бірнеше күрделі операция жасады.