Қазақстандық өнімдер Еуропа Одағы мен Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына шығады

Қазақстандық өнімдер Еуропа Одағы мен Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына шығады
Фото: Үкімет

Үкімет жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сауда дипломатиясындағы жетістіктер туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігі экспорттың жаңа бағыттарын ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. 7 елмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 16 ветеринариялық сертификатқа қол қойылды.

Жаңа нарықтарға қолжетімділіктің арқасында 10 айда сиыр етінің экспорты 30,2 мың тоннаға (өсім 1,7 есе), ал қой еті – 25,5 мың тоннаға (өсім 1,9 есе) жетті. Әзербайжан (мал шаруашылығы өнімдері), Моңғолия (ұсақ мал), Марокко (жем), Иран (тері) және ЕО (бал) нарықтары ашылды.

Қазіргі уақытта Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, БАӘ елдеріне ет пен сүт жеткізу мәселесі пысықталуда. Қатар мен Ұлыбританиямен бал экспорты, ал Эквадормен бірге артемия асшаян уылдырықтарын жеткізу талқылануда.

«Мұндай өсім қазақстандық сапалы етке деген жоғары сұранысқа негізделген. Біз қосылған құны жоғары өнімді өткізуді қамтамасыз ету үшін бағыттарды әртараптандыруды жалғастырамыз», - деді Айдарбек Сапаров.

Бұған дейін министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру 2026 жылдан басталатынын айтқан болатын.